- QIC
- / Жаңалықтар мен инсайттар
- / QIC Гонконгта өткен LEAP East 2026 халықаралық форумына қатысты
QIC Гонконгта өткен LEAP East 2026 халықаралық форумына қатысты
«Qazaqstan Investment Corporation» АҚ (QIC) Басқарма төрағасының орынбасары Ғаббас Ержанов 2026 жылғы 8-10 шілде аралығында Гонконгта өткен LEAP East 2026 халықаралық технологиялық форумына қатысты.
LEAP East - технологиялық индустрия көшбасшыларын, инвесторларды, стартаптарды, бизнес және мемлекеттік құрылымдар өкілдерін біріктіретін жаһандық LEAP форумының Азиядағы алғашқы алаңы. Биыл форумға 30 ел мен өңірден 35 мыңнан астам қатысушы, 340-тан астам спикер және 450 экспонент компания қатысты. Форумның негізгі тақырыптары жасанды интеллект, финтех, робототехника, биотехнологиялар, «ақылды» қалалар, Web3 және цифрлық трансформацияны дамыту мәселелеріне арналды.
Іс-шара аясында Ғаббас Ержанов «The New Geography of Venture Capital: Building Cross-Border AI & Capital Corridors Between the US and Asia» («Венчурлік капиталдың жаңа географиясы: АҚШ пен Азия арасындағы трансшекаралық жасанды интеллект пен капитал дәліздерін қалыптастыру») атты панельдік пікірталаста спикер ретінде сөз сөйледі.
Пікірталас барысында қатысушылар жасанды интеллекттің ықпалымен технологиялық ландшафттың өзгеруі жағдайындағы жаһандық венчурлік нарықтың даму үрдістерін талқылады. Венчурлік инвестициялардың трансшекаралық сипатының күшеюі, геосаяси факторлардың инвестициялық ағындарға ықпалы, сондай-ақ капитал тарту мен стратегиялық әріптестіктерді қалыптастырудың жаңа тәсілдері мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бүгінде мұндай әріптестіктер бір ғана технологиялық орталықта шоғырланбай, бірнеше өңірді қамтиды.
Өз сөзінде Басқарма төрағасының орынбасары пікірталасқа қатысушыларды QIC-тің Қазақстандағы венчурлік экожүйені дамыту бағытындағы қызметімен таныстырды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта QIC жалпы инвестициялық міндеттемелер көлемі 62 млн АҚШ долларын құрайтын алты венчурлік қорға Limited Partner ретінде қатысады. Оның ішінде 40,7 млн АҚШ доллары инвестициялық мандаттар шеңберінде қазақстандық жобаларға кейінгі инвестициялау үшін көзделген.
Ғаббас Ержановтың айтуынша, аталған қорлар арқылы бүгінгі күнге дейін Қазақстанның 41 IT-стартапына 6 млн АҚШ долларынан астам инвестиция салынды. Олардың қатарында құрылыс саласына арналған жасанды интеллект агенттерін әзірлейтін Surfaice, бөлшек сауда мен электрондық коммерция саласына арналған аналитикалық шешімдер әзірлейтін KenesAI, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып медициналық диагностика саласына маманданған Cerebra AI компаниялары бар.
QIC өкілі өз сөзінде Қазақстанның венчурлік экожүйесі тұрақты оң серпін көрсетіп отырғанын, ал оның негізгі қозғаушы күші жасанды интеллект болып қала беретінін атап өтті. RISE Research компаниясының «Орталық Азиядағы стартаптар мен венчурлік капитал» атты 2026 жылғы сәуірдегі талдамалық есебіне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық IT-стартаптар Higgsfield AI компаниясының қосымша тартқан 79 млн АҚШ долларын есепке алмағанда, жалпы көлемі 209 млн АҚШ доллары инвестиция тартқан. Бұл ретте жасанды интеллект бағытындағы шешімдерді әзірлейтін стартаптардың үлесіне елдегі венчурлік инвестициялардың жиынтық көлемінің 81,6%-ы тиесілі болды.
«Бүгінде венчурлік капитал шын мәнінде трансөңірлік сипатқа ие болып отыр және Қазақстан бұл үдерістің сырттай бақылаушысы емес, толыққанды қатысушысы саналады. Біздің міндетіміз – жекелеген компаниялардың жетістігін тұрақты даму моделіне айналдыру. Ол үшін Таяу Шығыс және Солтүстік Африка (MENA), сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің венчурлік қорларымен жүйелі ынтымақтастық тетіктерін қалыптастыру қажет. Бұл бағытта өңірлік капиталды тартуға тиімді платформа ұсынатын юрисдикция ретінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) әлеуетін пайдалану маңызды. Сонымен қатар Қазақстан үшін ең перспективалы бағыт ретінде жасанды интеллект саласындағы қолданбалы шешімдерді дамыту, яғни іргелі модельдерді әзірлеушілермен тікелей бәсекелеспей, қолданыстағы модельдер негізінде экономиканың нақты салаларына арналған өнімдер жасау деп есептейміз», – деді пікірталас барысында «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ғаббас Ержанов.


Присоединяйтесь к нашей команде